Елімізде кітапқұмарлар қатары артқан

Ғалиасқар Думан

2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандарының саны 42 пайызға артып, 575 мыңға жеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, оның ішінде 56 мыңнан астамы тұрақты түрде кітапханаға келетін оқырмандар. 

“Оқырман санының артуының бір себебі - кітапхана қорын цифрландыру бағытындағы белсенді жұмыс. Ұлттық академиялық кітапхананың KazNEB ақпараттық порталын әлемнің 110 елінен 800 000-ға жуық қолданушы пайдаланады. Қазіргі уақытта порталдың ақпараттық қоры 70 691 құжатты құрайды”, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, жуырда KazNEB-тің мобильді нұсқасы іске қосылды. Бұл мобильді қосымша ешқандай тіркеуді қажет етпейді, App Store мен  Android-та 24/7 сағат қолжетімді.
 
Ал, жалпы кітапхананың кітап қоры - 1 487 105 дана, оның - 588 568-і қазақ тілінде. Сирек кітаптар, құжаттар, қолжазбалар қоры – 13 568 бірлікті құрайды.

«Биыл алғашқы жартыжылдықта кітапханамызға 1 млн 200 мыңнан астам адам келді. Оның ішінде кітап алуға, оқу залдарына, мәдени-ғылыми іс-шаралар, экскурсиялар келушілер бар. 2022 жылға кітап беру 1 949 610 құрады, оның 1 299 267 қашықтағы пайдаланушыларға»,- деді ҚР МСМ Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Ғазиза Нұрғалиева.