Қазақстанда тұрғын үй шамамен 20% қымбаттады

Ulysmedia

2021 жылдың басынан бастап жаңа тұрғын үй бағасы 11,7%-ға, қайталама тұрғын үй бағасы – 19,5%-ға өсті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: Ашық дереккөзден

Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуі ұсыныстардың ұлғаюына қарамастан жалғасып жатыр. Биылғы жылғы 8 айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 10,5%-ға ұлғайып, 8,9 млн ш.м. (2020 жылғы 8 айда – 8,1 млн ш.м.) болды, дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Тұрғын үйге сұраныстың өсуін сатып алу-сату мәмілелерінің рекордтық саны куәландырады. Ол 2020 жылғы 8 аймен салыстырғанда 2,1 есе (177,6 мың мәміле) ұлғайып, 2021 жылғы 8 айда 370,2 мың мәміле болды.

Ипотекалық қарыздар бойынша халықтың борыш жүктемесі салыстырмалы түрде төмен болып қалып отыр, алайда оның ұлғаю үрдісі байқалады. Мемлекеттік кредиттік бюро деректері бойынша, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бір қарыз алушыға берешектің орташа сомасы жыл басынан бастап 10,4%-ға ұлғайып, 8,4 млн теңгені құрады (01.01.2021ж. –  7,6 млн теңге). Ипотекалық қарыз бойынша борыштың орташа сомасының ұлғаюы жылжымайтын тұрғын үй бағасының өсуімен түсіндіріледі.

Қарыз алушылардың басым көпшілігінің – 69%, 3,9 млн теңге орташа борыш сомасымен 10 млн теңгеге дейінгі сомаға берешегі бар (01.01.2021ж. – қарыз алушылардың 76%-да орташа борыш сомасы 3,9 млн теңге болатын 10 млн теңгеге дейінгі сомаға борышы болған). Бұл ретте қарыз алушылардың қалған 31%-на орташа борыш сомасы 18,3 млн теңге болатын (01.01.2021ж. –  18,4 млн теңге) ипотекалық қарыздар бойынша жалпы берешектің 68%-ы тиесілі.

Ипотекалық кредит берудің қолайлы талаптары, қарыз алушылардың төмен берешегі және ипотекалық қарыздар портфелінің өсуі салдарынан оның сапасы жақсаруда. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар ипотекалық қарыздардың көлемі жыл басынан бері 0,6 п.т. төмендеп, 46 млрд теңгені немесе 1,7%-ды құрады.