Павлодарда әкімнің орынбасары мен екі шенеунікке қатаң сөгіс берілді

Ғалиасқар Думан

Павлодарда қала әкімінің орынбасары мен басқарма бастықтары қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Антикор мәліметінше, олар лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған.

Жер қатынастары мәселелеріне жетекшілік ететін әкімнің орынбасары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, жер учаскелерін ресімдеу секторының меңгерушісіне қатаң сөгіс берілді.

Ведомство бұдан бұрын Павлодар әкімінің көмекшісі және жер қатынастары бөлімінің басшысының жемқорлығы әшкереленгенін еске салды.

"Тергеу барысында жер пайдалану құқығын беру, мерзімдерін ұзарту туралы өтініштерді қарау мәселелері бойынша бірқатар проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың тиімді рәсімінің болмауы, жер учаскелерін негізсіз беру. Өңір әкімдігіне қылмыс жасауға және басқа да заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы тиісті ұсыныс енгізілді. Негізсіз берілген екі жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды", - делінген хабарламада.

Ашық мәліметтерге сәйкес, Павлодар әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы – Батыр Мұталапов.

Айта кетейік, жуырда Ержан Иманзайыпов Павлодар әкімі қызметінен босатылды.

Себебі шенеунік қарамағындағылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды тиісінше ұйымдастырмаған, қаланы дамыту мен абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуын тиісті түрде бақыламаған, сондай-ақ қала тұрғындарымен қарым-қатынасты әлсіреткен. Дәлірек айтсақ, белгіленген мерзімде жаңа қоқыс және ойын алаңдары орнатылмаған. Қаланың бас жоспарының жобасы аяқталмаған, маңызды нысанның құрылысы кешіккен.