Назарбаев төрағалық еткен: "Самұрық-Қазынаны" басқару кеңесін тарату туралы заң қабылданды

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаттары Сенаттың "Самұрық-Қазына" қорын басқару жөніндегі кеңесті таратуды көздейтін түзетулерін қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бұл кеңесті Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарды.

Кеңес қордың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру үшін жұмыс істеген консультативтік-кеңесші орган болды.

Заң жобасы президентке қол қоюға жіберілді.

Еске салайық, қыркүйекте Назарбаев соңғы мемлекеттік лауазымынан айырылды.

- Қорды басқару кеңесін тарату туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ, "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заң жойылды. Бұл заң күшін жойса да, басқа заңдарда осы заңға сілтемелер болды. Міне, сол түзету жай ғана алынып тасталды. Яғни, мұның бәрі "Тұңғыш президент туралы" заңның күшін жою аясында атқарылып жатыр", - деп түсіндірді депутат Берік Бейсенғалиев.

Сондай-ақ, шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты өз атымен аталатын мектептер, ЖОО және қордың жоғарғы кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңға қол қойды.

Бұдан бұрын әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстан заңдарын тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мәртебе мен артықшылық беретін нормалардан "тазарту" процесі жалғасып жатқанын мәлімдеді.