"Арзан абырой жинауды қою керек": журналист “Халық жазушысы” атағының қайтарылуы жайлы

Ғалиасқар Думан

"Мазмұндама" қорының төрағасы, журналист Шыңғыс Мұқан Қазақстанда «Халық жазушысы» атағының қайтарылуына қатысты пікір білдіріп, арзан абыройға ұмтылыс қазақ әдебиетін көркейтпейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

“Баспа саласында жүрген соң, шетел баспасы мен әдебиетін зерттеп жүрмін. Мәселен, қазір өтіп жатқан Франкфурт кітап жәрмеңкесін айтамын. Әлемнің мен деген жазушылары осында кездесу өткізіп жүр, себебі баспа саласы - әдебиеттің локомотиві. Көп елдер бір-бір стенд құрыпты. Түркияны көрдім. Тайваннің баспагерлерінің бұрышы ұнады. Егер Қазақстан болып келсек, не көрсетеміз деп ойланып қалдым. Жоқ болған соң да келмейтін шығармыз”, – деп жазды журналист.

Шыңғыс Мұқан заманауи қазақ әдебиетінде ауыз толтырып айтар шығарма жоқ екенін атап өтті.

“Балалар әдебиеті десек, “Менің атым Қожа” мен “Көксеректі” еске аламыз. Ей, ол - қазіргі қазақтардың емес, бұрынғылардың еңбегі, қазіргі жүйенің емес, сол кезде әдебиетке қанат бітірген бұрынғы жүйенің жемісі. Кітап иллюстраторларынан кімдер бар? Қандай шығарма “Хәрри Поттер” секілді шет тілдеріне аударылып жатыр? Дым жоқ қой. Бас баспалар мемтапсырыспен мемлекеттік оқу бағдарламасына кітап шығарумен әлек. Олар шығаратын кітаптарды айтпай-ақ қояйын”, – деді ол.

Қаламгер “Қазақстанның халық жазушысы” деген атақтың қайтарылуы үлкен проблема болады деп есептейді.

“Президент Әкімшілігінің сол құлағына тыныштық болмайды. Жазушылар екі жылда бір беретін мемсыйлыққа қалай таласады. Таласқан тараптар екі жыл бойы бір-бірімен көріспей жүреді. Алмағандар биліктің тағы да сол құлағын шуылдатады. Әдетте алмай қалғандар көп болады. Әңгіме ода да емес. Әңгіме дәл осы атақ қазақ әдебиетін дамытып жібере ме? Бұл Кеңес кезінде қалыптасқан атақ. Бірақ ол кездегі әдебиетті бұл атақ емес, сол жүйенің жазушыларды қолдау тетіктері күшейтті”, – деп жазды Шыңғыс Мұқан.

Журналист билікке де опа бермейтін, жазушыларға да эгосын қанағаттандырғаннан басқа пайдасы жоқ “трюктерді” тоқтату керегін айтты.

“Мен үшін біздің жазушылар таласатын атақтар “Халық жазушысы” немесе мемсыйлық иегері емес, Booker Prize бен Pulitzer Prize. Nobel сыйлығын айтпай-ақ қояйын. Қашан да саясиланған сыйлық. Дегенмен оны да кіл мықтылар алады. Booker - Британияның сыйлығы, Pulitzer - Американың сыйлығы. Мына сурет Pulitzer берілетін Колумбия университетінің алды. Бізге Халық жазушысы дегендей атақтар емес, әдебиет саласында глобал бірнәрсе ойлап табу керек. Ең болмағанда түрік не ислам әлемі, ары кетсек Азияны түгел қамтитын, жылда Қазақстанда берілетін бір сыйлық керек. Оны және Парламент талқылап, ПӘ мақұлдап, Үкімет бекітетін емес, қоғамдық негізде, Жазушылар одағы бас болатындай, билік қаржылай қолдайтын жоба керек”, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, жуырда Сенатта «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мақұлданды. Аталған заңда мемлекеттік наградалар туралы, әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңдарға түзетулер енгізіледі.

Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Халық жазушысы» атағын қайтару туралы тапсырманы президент Тоқаев берген. Бұл атақ әдеби шығармашылық ортаның ең жоғарғы сыйлығы болады.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев атаққа ие болу үшін алдымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері немесе әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы болуы керектігін айтады. Оның сөзінше, «Қазақстан Халық жазушысы» атағы 1984-1990 жылдар аралығында 39 қаламгерге берілген. Көзі тірілердің ішінде атақ Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауинге табысталған.