Несиесін төлей алмаған 12 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсаған

Ғалиасқар Думан

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, халықтың қарызға белшеден батуы ауыр зардаптарға әкелуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

"Әрине, несиені рәсімдеу кезінде адам оны қайтара ала ма, жоқ па – ойлануы керек, бірақ қаржылық сауаттылықтың төмендігіне байланысты адамдар алды-артын бағамдай бермейді. Салдарында қарызы көбейіп, оны төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда несие алушылар тек суицид қана емес, түрлі қылмыстар жасаған фактілер де болды. Биыл 12 азамат өз-өзіне қол жұмсады (Алматы қ., Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, БҚО, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облыстары). Қыркүйек айының соңында осындай фактілердің бірі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды", - деді ол.

Лепеханың дерегінше, несиеден құтылу үшін қажетті ақшаны "табу" мақсатында 40 азамат түрлі қылмыстар жасаған. Атап айтқанда, қарақшылық шабуылдар, тонау және ұрлыққа барғандар көп. Қылмыс жасауына не түрткі болғанына қарамастан олар заң бойынша жауап береді.

Еске салайық, жуырда Талдықорғанда қарызын өтей алмаған зейнеткер банк бөлімшесінде өзіне қол жұмсады. 74 жастағы кейуана қолын пышақпен кесіп жіберген. 

Бұдан бұрын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтардың саны артқанын мәлімдеген.

Қошанов келтірген мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4  миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.