«Олигархтардың көкелері отыр»: депутат активтерді қайтару ісінің сұйылып кеткенін айтты

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі органдардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссия мүшелерінің тізімін көрсетпейміз, өйткені оларға сырттан қысым болады деген  – былжырақ сөз, бұған бесіктегі сәби де сенбейді. Бұл – халықты алдарқату, өйткені комиссия құрамында азаматтық қоғам өкілдері жоқ. Комиссия кімдерді тексеру керек, кімдердің ақшасын мемлекетке қайтару керек – соның тізімін жасайтын адамдар емес пе? Ол деректер комитетке беріледі, комитет әрі қарай сол жұмысты жүзеге асыруы керек. Ал енді комиссия құрамында азаматтық қоғам өкілдері болмаса, халық оның сөзіне қалай сенеді?”, – деді депутат.

Ермұрат Бапи қабылданған заңның арты сиырқұйымшақтанып кетті деп есептейді.

“Билік тарапынан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға мүдделілік сұйылып кетті. Мұның себебі – мүдделі органдар арасында талас-тартыс болды деп ойлаймын, әркім көрпені өзіне қарай тартқан болуы керек. Екіншіден, ең басты себеп – ескі Қазақстанның қысымы. Елден миллиардтарды әкеткен олигархтардың көкелері отыр осында, солардың қысымының салдарынан әркімге бір жалтақтаған өкілетті органдар толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Әу баста президент жарлығы бойынша активтерді қайтару жөніндегі комитет құрамында 130 адам болады делінген, қазір менің қолыма түскен ақпарат бойынша, оның құрамында 40-ақ адам бар. Бұл  - бір аудан әкімдігінің штатынан аспайтын дүние. Дүние жүзіне ағылған, оффшорларға тығылған активтерді жинауға 40 адамның қауқары жете ме?”, – дейді депутат.

Мәжілісменнің пікірінше, талан-таражға түскен активтерді қайтару – мемлекеттік дәрежеде жүргізілуі тиіс, бір жыл емес, бірнеше жылға созылуы тиіс науқан болуы керек. 

Бұдан бұрын  Ермұрат Бапи дәл шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң жобасының тақырыбы міндетіне сай емес екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, жуырда Қазақстанда Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді.

Сондай-ақ, қайтарылған активтерді басқаратын компания құрылды. Басқарушы компанияның міндеттері – мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету, активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аудару.

Қаржылық мониторинг агенттігінің есебінше, жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылды