Димашқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі керек – өнертанушы

Ulysmedia

Педагог-музыкант Берік Жүсіпов Facebook парақшасына әйгілі әнші Димаш Құдайбергенге «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атағын беру керектігін жазды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

«Қазақстанға сіңірген ерекше жетістігі үшін берілетін «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақ бар. Осы алтын жұлдыз Димаш Құдайбергеннің кеудесінде жарқырау керек. Иә, оны «әлі жас қой» дейтіндер де табылады. Жоқ, кешіріңіз, Димаш жас емес, тіпті жас болып та көрген емес. Керісінше, өнер арқылы қазақты дүние жүзіне танытудың жолын тапқан және сондай миссия бұйырған, жер жүзінің тыңдармандарына таңдай қақтырып, үніне тамсандырған теңдесі жоқ құбылысты дер кезінде бағалай алмай отырған біздің әрекетіміз - қылмыспен пара-пар», - деп жазды Берік Жүсіпов Facebook парақшасына.

Оның айтуынша, Кеңес Одағы қалыптастырған сана стереотиптерін күл-парша ететін уақыт жетті.

«Шын мәнінде бұл атаққа Димаш зәру емес, қайта әлгінің дәрежесін көтере түсу үшін Димаш сол атағыңа керегіп тұр. Қазір әлемнің қай түкпірінде болсын Димаштың есімі қазақ деген сөздің синонимі әрі символы ретінде қабылданады. Бұл дегенің ғажап қой, біз секілді аз ұлтқа одан артық не керек, Сіз қалай ойлайсыз, отандас?», - дейді ол.