KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев Сенаттағы жаңа Салық кодексі бойынша парламенттік тыңдауда сөз сөйлеп, мұнай-газ саласында салық салуды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда қоры таусылған кен орындары толық мөлшерлеме бойынша салық төлеуге мәжбүр болып отыр. Алайда оларға жаңа инвестициялар құйылып жатқан жоқ.
"Сарқылған кен орындары үшін өндіру деңгейін ұстап тұру және сақтау, кен орнының өмірін ұзарту, өзінің еңбек ұжымдарына инвестициялар, жалақы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар үшін технологияларға қайта инвестициялау міндеттемелері бар жаңа ынталандыру тетігін қарастыруды ұсынамыз. Мұны жер қойнауын пайдалануға балама салық деп атауға болады", - деді Ибрашев.
Ол сондай-ақ барлау және тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде алауда жағылатын газға әлемдік бағамен емес, оның өзіндік құнына қарай салық салу туралы бастама көтерді, өйткені өзінің өндірістік қажеттіліктеріне пайдаланылатын газға салық салынады.
KAZENERGY қауымдастығының бас директорының тағы бір ұсынысы – трансферттік баға белгілеуді ескере отырып, нақты өткізу бағасына сүйеніп, мұнай өндіру мен экспорттауға салынатын салықтарды есептеу.
"Газ бен мұнайға салық салуға қатысты ұсыныстар салық органдарының жүйесін қайта құруды қарастырмайтынын атап өту маңызды, өйткені олар өздерінің көпжылдық тәжірибесіне негізделген. Қажет болса, бюджет шығынын болдырмау үшін мөлшерлемелерді түзету қиын болмайды", - деді ол.
Айта кетейік, Сенат депутаты парламенттік тыңдау барысында 30 жыл ішінде еліміздің Салық кодексі 17 рет өзгергенін, бұл Қазақстанның салық заңнамасының тұрақсыздығының тікелей дәлелі екенін айтты.