«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Вадим Басин басқаратын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің отбасымен кездесуінде айтты.
«Ол бір кездері «АрселорМиттал» компаниясында жұмыс істеген, облыс әкімінің орынбасары болған. Мен оған қайтып осы кәсіпорынды басқаруды, бақылауды қолға алуды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығы ойдағыдай жұмыс істей алмады», - деді президент.
Басин еңбек жолын 1986 жылы бастаған. Қарағанды металлургия комбинатында агломерациялық цехта инженер-электрик, агломерация цехы бастығының электр жабдықтары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
2003 жылы «Испат-Қармет» АҚ бас энергетигі болды.
2011 жылдан бастап «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Басқару дирекциясының жөндеу жөніндегі директоры қызметін атқарды.
2013 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының жөндеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, кейін сол компанияның басқару дирекциясының өндіріс жөніндегі директоры болып тағайындалды.
2017 жылдан бастап «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры болып жұмыс істеді.
2021 жылғы 26 шілдеден бастап - Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, индустриялық-инновациялық саясат және инвестициялар, төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары.
2022 жылдың 12 қазанында Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.