QazForum-ға әйел сарапшыларды шақырмаған АҚШ елшілігі сынға қалды

Ulysmedia

Нұр-Сұлтанда жыл сайын өтетін қазақша онлайн-контент жасаушылардың дәстүрлі форумына тек ер сарапшылар шақырылған. Олардың арасынан әйелдердің көрінбеуі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырып, мұны әйелдерді ашық алалаумен байланыстырды.

Фото: ашық дереккөзден

Белгілі медиа және кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков форум ұйымдастырушыларына қарата қоғамдағы ерлер мен әйелдердің арасындағы әлеуметтік рөліне қатысты пікір білдірді.

«Бұл спикерлердің арасында тым болмаса бір әйел спикердің болмауы мені таң қалдырады. Осы спикерлерді асып түспесе кем түспейтін Әйел сарапшыларымыз жетерлік. Форумның демеушісі USAID екен. Бұны көріп-ап, тіпті таң қалып отырмын. Егер бұлай жасайтын болса USAID ұйымдастырған ешбір бағдарламаға бармайтынымды айтып қояйын.  Спикерлер толықтырылуда депті. Әйел спикерлерге де микрофон береді деген үміттемін. Осылайша азаматтық қоғамда да ерлер мен әйел эксперттер арасындағы төлемақы айырмашылығы тереңдей түседі», – деп жазды Молдияр Ергебеков өзінің фейсбук парақшасында.

Сондай-ақ, желі қолданушылары шақырылған спикерлердің арасында вакцинацияға қатысты жағымсыз ақпар таратып жүргендердің де бар екендігін айтып, оларды қоғамда ықпалды өзге әйел сарапшылармен алмастыру керектігін сөз етті.

Еске сала кетейік, форумға жыл сайын қазақтілді медиа саласындағы сарапшылар, журналистер, блогерлер мен влогерлер, веб-сайттардың бас редакторлары жиналып, жергілікті және шетелдік спикерлермен кәсіби тәжірибе алмасады, сондай-ақ бейресми кездесулер өткізеді. Форумның бастамашысы және идеялық қолдаушысы – АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігі.