Қарағанды облысында Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілер 300 мыңнан 1,6 млн теңгеге дейін жалақы алған. Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенова Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік комиссия Қарағанды облысында болған қайғылы оқиға бойынша жұмыс істеп жатыр.
Қаза тапқан кеншілер орташа есеппен қанша табыс тапты деген сұраққа жауап берген Тамара Дүйсенова Отбасының цифрлық картасы деректері бойынша кеншілер 630-дан 3,4 мың долларға дейін жалақы алғанын айтты.
"300 мыңнан 1,6 млн теңгеге дейін, өйткені олардың арасында жас қызметкерлер, жұмысқа енді орналасқандар бар. Сондықтан, еңбекақы төлеуде осындай айырмашылық бар. Жалақы көлемі жұмысшылардың біліктілігі пен атқаратын міндетіне байланысты", - деп жауап берді Дүйсенова.
Компанияны мемлекеттік меншікке бергеннен кейін жалақы көтеріле ме деген сұраққа Дүйсенова бұл мәселе жыл сайын қаралатынын және ұжымдық шарттың талаптарында олардың жұмыс көлемін орындау бойынша тиісті қосымша ақылар көзделгенін айтты. Егер алдыңғы жылдары инфляция деңгейінде өсім болса, қазір қосымша төлемдер өндіріс көлеміне байланысты.
Бұдан бұрын Тамара Дүйсенова осы жылдар ішінде "АрселорМиталл Теміртау" кәсіпорындарында еңбекті қорғау шарттары қадағаланбады деген уәжбен келіспейтінін айтты.
"Мен мүлдем келіспеймін. Тиісті тексерулер болды. Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеген комиссиялар болды. Бұл - қауіпсіздік мәселелері бойынша өзіндік ерекшелігі бар зиянды өндіріс. Көптеген проблемалар болды, инспекция осы жылдар бойы нұсқаулықтар берді. Жұмыс жүргізілді, бірақ өкінішке қарай, нұсқаулықтардың орындалуы осындай нәтижеге әкелді", – деді вице-премьер.
Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.
Алғашқы екі күнде 45 кеншінің денесі табылды, ал 46-шы жұмысшының тек дене бөлшектері табылғаны белгілі болды.
Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.
Қарағанды облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.
Қайғылы оқиғадан соң Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ инвесторы Лакшми Миттал мен басқарушы Палаватху Кришнанды "қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қасақана әрекетсіздігі" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.
Белгілі экономист, 2022 жылы президенттікке үміткер болған Мейрам Қажыкен билік Костенко шахтасындағы апатқа бар кінәні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының акционері Лакшми Митталға жауып отырғанын, ал шын мәнінде кеншілердің өліміне 90% үкіметтің өзі кінәлі екенін мәлімдеді. Алайда премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметті ақтап, жауапкершілікті кәсіпорын басшылығына ысырды.