Ұлттық қордан валюта сату азаяды

Ғалиасқар Думан

Ұлттық банкте қазанның қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,1% нығайып, бір доллар үшін 469,64 теңге болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ұлттық банк республикалық бюджетке қаражат жіберу және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату қазан айында 1,5 млрд АҚШ долларын құрағанын хабарлады.

Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 47%-ын құрады.

"Үкіметтің қолда бар болжамды өтінімдерінің негізінде, қараша айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 1,3-тен 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр. Қараша айында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау үшін валюта сатып алу 150-ден 200 млн долларға дейін, ҚДКБҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін валюта сатып алу - 50-ден 70 млн долларға дейін болады деп күтілуде", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, осыдан бір апта бұрын Ұлттық қордан балаларға ақша бөлуді көздейтін заң жобасын сенаторлар Мәжіліске қайта жолдаған еді. Мәжіліс депутаттары құжатқа сенаторлар енгізген түзетулермен келісті.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов "Ұлттық қор - балаларға" жобасының қалай іске асырылатынын түсіндірген. Оның айтуынша, бейінді мемлекеттік органдар балалардың жеке шоттарына қаражат аударуға 100% дайын.

"2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз зейнетақы аударымдары ретінде аударамыз. Кірістер әр баланың жеке шотына түседі. Ол 18 жасқа толғаннан кейін бұл ақша оған төленеді. Есеп доллармен жүргізіледі, біз балалардың жинақтарын 18 жыл ішінде ықтимал құнсызданудан сақтағымыз келеді. Ол 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты теңгемен алады", - деді Сүлейменов.