Мәжілісте екінші оқылымда жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға тыйым салуды көздейтін заң қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілісмендер несие беру қағидаларын қатаңдату туралы заң жобасын Сенатқа жолдады.
Аталған заң жобасы биылғы 27 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатпен жұмыс барысында Мәжілісте жобаны жақсартатын бірқатар толықтырулар енгізілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева баяндады.
«Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі енгізілді. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті бақылаушы орган. Азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығын беру. Тыйым салуды «электрондық үкіметтің» жеке кабинетінде белгілеуге болады. Ерікті бас тарту туралы ақпарат қарыздарды мақұлдау кезінде ескерілетін болады. Бұл үшінші тұлғалардың банктік қарыздар мен микрокредиттер алуын болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Смышляева.
Депутат дербес деректерді қамтитын базалардың меншік иелері мен операторлары бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы хабарлауға міндетттелетінін айтты.
«Азаматтар өздерінің дербес деректерімен жасалған барлық операция туралы жеке кабинеттегі хабарламалар немесе SMS арқылы біледі. Сонымен қатар депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулерді енгізді. Заң жобасы бойынша тоқсан жеті түзету келіп түсті. Олар жұмыс тобының және Комитеттің кеңейтілген отырыстарында қаралды. Қорытынды салыстырмалы кесте қабылданған қырық алты позициядан тұрады», - деді мәжілісмен.
Айта кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтардың саны артқанын мәлімдеген.
Қошанов келтірген мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, халықтың қарызға белшеден батуы ауыр зардаптарға әкелуде. Мәселен, биыл несиесін өтей алмаған 12 адам өз-өзіне қол жұмсаған.
Кешегі үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов адамдардың қарызға белшеден батуына қаржылық сауатсыздық себеп болып отырғанын айтты. Екі министрлікке халықтың қаржылық сауатын арттыру міндеті жүктелді.