Moody's қазақстандық үш компанияның рейтингін көтерді

Ғалиасқар Думан

Moody's Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі бірнеше қазақстандық компаниялардың, атап айтқанда, "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы", "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ, сондай-ақ "First Heartland Jusan Bank" АҚ-ның ұзақ мерзімді көрсеткіштерін арттырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Макронның келуі оң әсер еткен болуы мүмкін

Қазақстан қор биржасының (KASE) ақпараты бойынша, "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы – әлемдегі ең ірі ресурстық базалардың біріне басымдықпен қол жеткізе отырған әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші, өзінің бағалау көрсеткіштерін арттыра алды. Moody's компания рейтингінің болжамын "Тұрақтыдан" "Позитивтіге" өзгертті, ал рейтингті "Baa2" деңгейінде сақтап қалды.

Сарапшылардың пікірінше, компания рейтингінің бұлай жақсаруы Қазақстан мен Францияның энергетикалық қауіпсіздік саласындағы экономикалық байланыстарын нығайтудың табиғи салдары болды.

Сонымен қатар, агенттік "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ эмитентінің ұзақ мерзімді рейтингін "Ba2"-ден "Ba1"-ге көтерді. 

Jusan Bank-тің тасы өрге домалап келеді

Сонымен қатар, Moody's-тің ақпараты бойынша агенттік "First Heartland Jusan Bank" АҚ-ға жаңа кредиттік рейтинг беріп, оны B1-ден Ba3-ке өзгертті. Сонымен қатар, негізгі несиелік баллды (BCA) және түзетілген BCA-ны b3-тен b2-ге дейін көтерді, ал ұзақ мерзімді рейтингтер бойынша болжамды "Позитивті" деңгейде қалдырды.

Бұдан басқа, агенттік банктің рейтингін ұлттық рейтинг шкаласы бойынша көтерді – ұзақ мерзімді депозиттік рейтинг Ba1.kz-тен Baa2.kz-ке дейін, ал контрагенттің ұзақ мерзімді тәуекел рейтингі (CRR) Baa2.kz-тен A3.kz-ке дейін көтерілді.

– BCA-ны b3-тен B2-ге дейін көтеру банктің активтерінің сапасының, төлем қабілеттілігінің және кірістілігінің жақсарғанын көрсетеді, ал өтімділік тұрақты болып қалады. Сонымен қатар, бұл рейтингтік әрекет агенттіктің экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық тәуекелдерді бағалаудың жалпы қағидаттарының (ESG) қайта қаралған әдіснамасын көрсетеді, – делінген агенттік хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Moody's Қазақстанның болжамын жақсартқаны хабарланған. Еліміздің болжамы "Тұрақтыдан" "Позитивтіге" көтерілді, ал егеменді кредиттік рейтинг "Baa2" деңгейінде сақталды.