Қамауда отырған Марат Жыланбаев аштық жариялады. Сондай-ақ, тергеу изоляторының әкімшілігі оппозиционердің аузындағы тігістерді мәжбүрлеп алып тастағаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астанадағы сот отырысы барысында Марат Жыланбаев соттың жабық режимге ауыстырылуына наразылық ретінде 1 қарашада өз аузын тігіп тастағанын мәлімдеді.
"Адамдар менің еш кінәм жоғын көргенін қалаймын. Мен соттың ашық өткенін қалаймын. Сондай-ақ, кеше мен аштық жарияладым. Дегеніме жеткенше нәр татпаймын", - деді ол.
Айта кетейік, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталды. 2 қарашада ҚАЖД Жыланбаевтың өз аузын жіппен тігіп тастағанын мәлім еткен.
Билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға шыққан спортшы әрі белсенді Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" бабы бойынша күдікке ілініп, мамыр айында қамалған еді. Белсенді өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Құқық қорғаушылар қауымдастығы оны “саяси тұтқын” деп таныды.
Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы. Ол - әлемдегі ең үлкен шөлдерді жалғыз жүгіріп өткен жалғыз адам.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" бір жылға жуық уақыт бойы биліктен ресми тіркеу рәсімін бастауға рұқсат алуға тырысып келеді.
2023 жылдың ақпанында Жыланбаев депутаттыққа ұсынылды, бірақ кейінірек сот оған "мерзімінен бұрын үгіт жүргізгені үшін" айыппұл салды.