Атырау облысы бойынша экология департаменті «Karabatan Utility Solutions (KUS)» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында құқықбұзушылықтарды анықтады. Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген СО2 шығарындылар квотасының көлемі 35 482 тонна болса, кәсіпорынның нақты шығарындылары 743 105,874 тоннаны құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС көміртегі квотасының белгіленген (бөлінген) көлемінен артық квота негізіндегі қондырғыны пайдаланды. Аталған факті бойынша хаттама жасалып, заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 329-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды», - делінген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен кәсіпорынға мемлекет пайдасына өндірілген 7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Karabatan Utility Solutions» ЖШС Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында аралас циклді газ турбиналы электр стансасын салу жобасының операторы болып табылады. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобына кіреді.