Арзан ет сатамын: Қостанайда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Ulysmedia

Қостанайда алаяқтар арзан ет пен фарш ұсынып, қала тұрғындарын алдаудың жаңа әдісін қолдана бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

foodbay.com

Қостанай облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтық туралы құқық қорғау органына жергілікті тұрғын арызданған. Ол қазанның 21-і күні ет сату туралы хабарландырулар жарияланған WhatsApp тобына кіргенін жеткізді. 

Топ әкімшісі оның қазіргі таңда тартылған ет сатып алу туралы өтініші орындалмайтынын айтқан. Өйткені, ет бітіп қалған.

Кейінірек оған бейтаныс нөмірден туралған етті топта ұсынылғаннан да төмен бағаға сатып алуға болатыны туралы хабарлама түседі. Бойжеткен көрсетілген нөмірге 13 мың теңге жіберген, бірақ өнімді алмаған.

Ақшасынан айырылған жәбірленуші полицияға хабарласуды ұйғарады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптама жұмыстары жүргізілуде.