Ақтөбе шенеуніктері бюджеттің 2,6 млрд теңгесін желге ұшырмақ болған

Ғалиасқар Думан

Ақтөбеде бюджет қаражатын жұмсау саласында талдау жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың өрескел бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Облыстық прокуратура мәліметінше, Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдары біліктілік талаптарын бұза отырып, 2 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған. Мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу бойынша жобалау-сметалық құжаттамада көзделмеген жұмыстарға лицензия беру туралы талаптар негізсіз белгіленген.

Енді бір жағдайда Ырғыз, Алға және Мәртөк аудандарының экономика және қаржы бөлімінің лауазымды адамдары «Автомобиль жолдары туралы» Заңның 14-бабының талаптарын бұза отырып, жалпы сомасы 360 млн теңгеге ведомстволық сараптамадан өтпей, жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алуды жүргізген. Бір көзден 296 млн теңге мөлшерінде шарттарды заңсыз жасасудың 18 фактісі анықталды. 

“Қабылданған прокурорлық қадағалау шаралармен бұл сатып алулар жойылды, нәтижесінде 2,6 млрд теңге сомасына бюджет қаражатының жұмсалуына жол берілмеді”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы облысында шенеуніктер жалпы құны 20 миллион теңгеге жуық техниканы жоғары бағамен сатып алмақшы болған еді

Облыстың Цифрлық технологиялар басқармасы бір данасы үшін 497 265 теңге бағасымен 32 компьютер, бір данасы үшін 514 880 теңге бағасымен 3 ноутбук және бір данасы үшін 598 214 теңге бағасымен 4 моноблок сатып алуға конкурс жариялаған. Бұл ретте аталған тауарлардың орташа құнының мониторингі барысында бағалар тиісінше 102,78%, 77,54% және 60%-ға жоғары болғаны анықталды.