Қаңтарда 4 жасар Айкөркемнің оққа ұшуы: прокурор күдіктіні 7 жылға соттауды сұрады

Ғалиасқар Думан

Алматы әскери сотында қаңтар оқиғаcы кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты іс бойынша жарыссөз аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Алматы әскери гарнизонының прокуроры Айдос Ақберген күдікті әскери қызметші Арман Жұманды 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жұман Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы – "Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдалану" бойынша айыпталып отыр. 7 жыл – бұл бапта көзделген ең ауыр жаза.

Күдіктінің қорғаушысы әскери қызметшіні толық ақтауды сұрады.

Бұл – Айкөркемнің ісі бойынша өткен жиырмасыншы сот отырысы. Марқұм бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан істің созбаққа салынғанына наразы.

Осы орайда Ulysmedia тілшісі жәбірленуші тараптың адвокаты Жанғазы Күнсеркинмен тілдесіп, оның іске қатысты көзқарасын сұрады.

“Біз прокурордың позициясын ішінара қолдаймыз. Прокурор осы сотта қаралып, зерттелген дәлелдерге дұрыс баға берді. Алайда біз істің құпиялануына қарсымыз, сондай-ақ, Арман Жұманға кісі өлтіру бабы емес, тек билікті асыра пайдалану бабы бойынша айыпталуына наразымыз. Әскерилердің Айкөркеммен бірге көлікте болған бауырларын өлтіруге оқталғаны да қарастырылып жатқан жоқ. Арман Жұманмен бірге сотталушылар қатарында болуы тиіс бес адам іске тек куәгер ретінде тартылып отыр. Келіспейтін тұстарымыз көп”, – дейді адвокат. 

Қорғаушының айтуынша, бүгін Арман Жұман сотта соңғы сөзін айтады, содан кейін үкімі жарияланады.

Еске салсақ, төрт жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтарда әкесінің көлігінде қаза болды. Әскери қызметшілер атқан оқ бүлдіршіннің басына тиіп, ол сол жерде жан тапсырған. Сол уақытта көлікте оның ағасы мен әпкесі болған, олар да жарақат алды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қаңтарда ҚазҰУ ректорының ұлын атып өлтірген әскери қызметкерге үкім шыққан.

Сондай-ақ, Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Сейітқұловтар отбасының өліміне кінәлі деп айыпталған әскери қызметкер сотталды.