Жұбатқан министр мен қайраған бапкер: Ұлттық құрама Словениядан ұшып келді

Ulysmedia

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды. Аяқдопшыларды әуежайдан арнайы күтіп алған туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев бастаған жанкүйерлер тамаша сәттер сыйлағаны үшін спортшыларға алғысын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Телеграм BEK Sport

– Еңсені түсірудің қажеті жоқ. Құрама талантты футболшылармен жасақталған. Бұл ойын өрнегімен әлі талай жетістікке жетеміз! – деді министр.

Өз кезегінде ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев жанкүйерлерге зор қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

– Мен жігіттеріме алғыс айтқым келеді. Олар нағыз батырлар. Мен олардың көңіліндегі кірбіңді жақсы түсінемін. Себебі, өзім спортшы болдым, үлкен нәтижеге бір қадам қалып тоқтау өте қиын. Бұл спортшы үшін ең ауыр жеңіліс, – деді Магомед Адиев.

Бас бапкер жеңілістен сабақ алып, құрама одан сайын мықты бола түсетініне сенім білдірді.

Еске сала кетсек, Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңдағы шешуші кездесуде Словенияға 2:1 есебімен жол беріп, Еуропа чемпионатына берілетін жолдамадан айырылған болатын. Енді Ұлттар лигасында жеңіске жетсе, Германияда жалауын желбірететін Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік бар.

Оралхан ҚОЖАНОВ