“Ұйым елдеріне қауіп төніп жатыр деп айта берудің қажеті жоқ”: Тоқаев ҰҚШҰ сессиясында не деді

Аян Өрібай

Қазақстан президенті Минскте өткен ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік қызметі сессиясында ұйымға мүше мемлекеттердің президенттерімен шағын және кеңейтілген құрамда кездесті. Жиында Тоқаев сөз сөйлеп, 2024 жылдан бастап төрағалықты алатын Қазақстан атынан бірнеше басымдыққа баса мән беруді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Пашинянсыз сессия

Жиынға Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Армения премьер-министрі Никол Пашинян сессияға қатысқан жоқ.

Беларусь президенті Лукашенко Армения басшысының ҰҚШҰ сессиясына келмеуін «себепсіз демарш» деп атады.

«Жасырмай-ақ қояйық, Кавказдағы мәселелерді талқыладық. Ұйымға мүше мемлекеттің бірінің қанағаттанбайтынын да. Біз ортақ мәмілеге келдік. Проблемалық мәселелер болған, бола да береді. Егер оларды реттегіміз келсе, дөңгелек үстелде реттеуіміз керек. Себепсіз демарш жасаудың қажеті жоқ. Біз ойымызды айтып, алдағы іс-шарада армениялық достарымызды көреміз деп үміттенеміз», - дейді Лукашенко.

Бұл тақырыпты көтере берудің қажеті жоқ"

Сессия басталғаннан кейін президенттер шағын құрамдағы кездесуге кіріп кетті. БАҚ-қа тікелей трансляциямен көрсетілмеген ол жиыннан Ақорда баспасөз қызметі телеграм-арна арқылы ақпарат таратты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы кездесуде ҰҚШҰ аясындағы серіктестердің әдеттегі қауіп-қатер деңгейінің ұлғаюына, соның ішінде есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын мәлімдеген. Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттермен бірге осы сын-қатерлерге алдағы уақытта да төтеп беруге әзір екенін айтқан.

– Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр, –  деген Қазақстан президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның әлеуетін дамыту және сын-қатер мен қауіпке қарсы іс-қимыл тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бір жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Қазақстан не ұсынады

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ұйымға төрағалық етеді. Осыған байланысты кеңейтілген отырыста Тоқаев Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды.

Атап айтқанда, Қазақстан ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуы керек деп есептейді. БҰҰ және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынады.

Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас ұйым қызметінің екінші маңызды бағыты ретінде ұсынылды. Қазақстан президентінің пікірінше, ҰҚШҰ ұжымдық күштерін жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.

– Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және тағы да басқа аспектілерге қатысты. Сонымен қатар әскери кадрларды даярлау жүйесін және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-ғылыми қуатын дамытуды жалғастырған жөн. Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беру ұсынылады. Бұл ретте ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің қызметі зор рөл атқарады, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев өз сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударылады.

– Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз, – деді ол. 

Президенттің айтуынша, ұйым есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымына да қарсы күрес жүргізуге тиіс.

– ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кеңістігін осы қауіпті заттың енуінен қорғау үшін бірлескен іс-шаралардың тиімділігін арттыру қажет. Жұмыс ретін барлық өзекті факторды, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралу аясы кеңейе түскенін ескере  отырып ұйымдастыру керек. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдар жетекшілерінен құралған Үйлестіру кеңесі сияқты механизм маңызды рөл атқарады, – деді мемлекет басшысы.

Президент қару-жарақтың заңсыз айналымымен және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресуді, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуды, ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылды ортақ жұмыстың маңызды бағыттары деп санайды.

– Қазіргі жағдайда қауіп-қатердің сипаты мен кибер қылмыскерлер қолданатын қару түрлері де тез өзгеріп жатыр. Мұны біздің негізгі құралымыз – ҰҚШҰ-ның  ақпараттық технология саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі «ПРОКСИ» операциясын іске асыру кезінде ескеру керек деп санаймыз, – деді Қазақстан президенті.

Тоқаев Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде жүзеге асыру үшін айқындалған басымдықтар жуық арада ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жолданатынын айтты. Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту және оны одан әрі дамыту үшін кешенді жұмыстар жалғаса беретініне сенім білдірді.