Қазақстанда мектеп, балабақша мен аурухана тұрғызбай көпқабатты тұрғын үй салуға тыйым салынбақ

Аян Өрібай

Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

– Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер және балабақшалармен қамтамасыз ете алмай тұрып, көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе, мегаполистерде. Осының кесірінен жұмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді, ал енді мектеп салайын десе, жақын жерде  бос жер де қалмайды. Осыған орай заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай, көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады,  –  дейді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, жетім балалар үшін жаңа тәлімгерлік институтын енгізу бойынша норма ұсынылып отыр. 

– Ол не үшін керек? Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйлерінде  тәрбиеленетін жетім балаларды  әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүмкіндік береді. Тәлімгерлер, волонтерлік тәртіпте, яғни ақысыз, балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне  қатысты нақты, әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынастар шартпен реттеледі, – деді ол.

Заң жобасында полицияда девиантты мінез құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы норма ұсынылған. Басты мәселе – осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту.  Осыған орай, енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылады. Ал білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді. Келесі бағыт – білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту болмақ.