Елордада қызылша ауруы дендеп барады. №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 200-ге жуық бала қызылшадан ем алып жатыр, оның басым бөлігі – уақтылы екпе алмағандар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазіргі таңда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен қызылша ауруының алдын алу, емдеу және иммундау бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, елордада 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Оларға желтоқсан айынан бастап 2-4 жас аралығындағы балалар қосылады.
«Науқаспен байланыс болған жағдайда, қосымша екпе алу үшін кез келген тұрғын тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жүгінуі керек екенін еске саламыз. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!», – делінген Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.
Оралхан ҚОЖАНОВ