Павлодар көлік прокуратурасы 7 ай бойы заңды жауап ала алмаған отандық инвестордың құқығын қорғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, кәсіпкердің бірі Екібастұз қаласында ұлттық инвестициялық жоба шеңберінде 2 млрд теңгеден астам сомаға аймақта ірі логистикалық және құрылыс орталықтарын салуды жоспарлаған. Бизнесменге жобаларды одан әрі толыққанды дамыту үшін кірме жол қажет болған.
– Алайда «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның филиалдарының жеке лауазымды тұлғалары инвесторға оның құрылысына рұқсатты беруден бас тартқан. Ал 2023 жылдың қазанында шағын бизнеске өз қаражаты есебінен ұлттық тасымалдаушының қажеттіліктері үшін қосымша жаңа теміржол төсемін салуды талап ететін техникалық шарттарды берген, – делінген құзырлы органның мәліметінде.
Айта кетерлігі, бұған дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ осындай ұқсас жағдайда осы өңірдегі 3 кәсіпкерге теміржолдарға жанасу үшін техникалық шарттардың қажеттілігі жоқ екенін түсіндірген. Барлық жағдайда берілген жауаптарға бір басшы қол қойған.
Көлік прокуратурасы іске араласқаннан кейін ғана ұлттық компанияның «ойдан шығарылған» әкімшілік кедергісі жойылды. Кәсіпкер алдында қойылған талаптар кері қайтарылды.
Прокуратура актісі бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма басшылығымен техникалық шарттарды алу кезінде қосарланған стандарттарға жол берген лауазымды тұлғалардың кінәлілік дәрежесі және жауапкершілік түрі қарастырылып жатыр.
– Магистральдық желі операторының мұндай заңсыз әрекеттері құрылыс материалдарының құнын арттыруға ықпал ететінін атап өтеміз, – дейді бас көлік прокуратурасы.