Қазақстандық актриса кореялық азаматтың қанын құйды

Оралхан Қожанов

Отандық актриса Айым Сейтметова «Мамский әңгіме» подкасына барып, басынан өткен қиын кезең туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Ол әпкесін дәрігерге көрсету үшін Кореяға аттанған. Алайда аяқ астынан өзі ауырып қалып, ота жасату қажет болған.

«Денсаулығым сыр беріп, ауруханаға әпкем емес, өзім жатып қалдым. Дәрігерлер ота жасау керек деді. Ал оның құны 50 мың доллардай тұратын. Менде ондай ақша болған жоқ. Десе де, әріптестерім, Талғат жан-жақтан қаражат іздеп, жедел қажетті соманы тауып берді. Дәрігерлерді отаны Алматыда жасатуға көндірдім. Жауапкершілікті өз мойныма аламын дедім. Ұшақта Талғат тамақтандырып, қолдау көрсетті. Әйтпесе Кореяға аттанардан екі апта бұрын ғана танысқанбыз. Сол кезде мен оған күйеуім ретінде қарай бастадым», дейді Айым.

«Ішіме қан кетті, гемоглобинім қатты түсіп кетіпті. Ал ол іштегі жараның бітуіне әсер етеді екен. Ол жақтағы дәрігерлер маған бір кәрістің қанын құйды. Негізі жара ұзақ бітуі мүмкін деген еді. Ағзам жас болғандықтан ба, процесс жылдамырақ жүрді. Бірақ бастапқыда аяғы ауыр әйел секілді жүрдім. Қайта-қайта жалынып жүріп, отаны Алматыда жасататын болып келістік. Өлсем де өз жауапкершілігім деп қолхат та жазып бердім. Елге келген соң бірден ота жасаттым. Кореяда 50 мың доллар тұрған отаны Алматыда 160 мың теңгеге жасаттым», деді ол.

Айта кетейік, Айым Сейтметова – еліміздің танымал өнер жұлдыздарының отбасында дүниеге келген. Ол – актер Азат Сейтметов пен актриса Данагүл Темірсұлтанованың қызы.