Ашық суда жүзуден өткен "Oceanman" халықаралық жарысының жеңімпазы атанып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған елордалық Алпамыс Әмір елге оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тайландтың Пхукет қаласында өткен дүбірлі додаға 70 елдің спортшылары қатысқан. Жиырма жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық жарысқа Қазақстан атынан Алпамыс Әмір бақ сынады. Нәтижесінде жерлесіміз 2 шақырымдық қашықтықта Іnspiration санаты бойынша дара шықты.
"2 шақырымдық Inspiration санатында елордалық мектебіміздің спортшысы чемпион атанды. Алпамыс Әмір "Барыс" спорт кешенінде аптасына 6 рет жаттығады. Әлем чемпионатына сәуір айынан бастап тыңғылықты дайындалды. Еңбек пен төзімділік өз жемісін берді. Спортшымызбен мақтанамыз. Спорт даму ерекшелігіне қарамастан, барлығына ортақ екендігі қуантады", - деді Интеллектуалды даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының президенті Дина Темірғалиева.
Чемпионды Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, спортшының туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт саласының өкілдері тік тұрып қарсы алды.