Құрылтайшысы Назарбаевтың қызы: депутат шекара бекетінің құрылысындағы бұзушылықтарды атады

Ulysmedia

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева иелік еткен «TOLAGAI-2050» ЖШС-ны тексеруді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Депутаттың айтуынша, еліміздің аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара бекетін салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара бекетін салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланған. Осылайша, 53 894 млн теңге сомасына мердігерлік ұйымдар «Kapital construction» ЖШС-мен және «TOLAGAI-2050» ЖШС-мен жалпы шарттар жасалды.

Шартқа сәйкес «TOLAGAI-2050» ЖШС 40 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара бекетін салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін болатын. Алайда, жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсуде. Қолда бар ақпарат бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанында «TOLAGAI-2050» ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерді, бұл шарттың жалпы сомасының 35 %-ы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін, - деді Сарым

Мәжілісмен бұл компания мемлекеттік сатып алу рәсімінде көп жағдайда міндетін адал орындамаушы деп танылғанын айтты.

Бұл ретте, көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдаған жоқ. 2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, шекарадағы құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың еліміздің аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін.