Футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерланд құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл матчқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, қолдау көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен матчтың алғашқы минутында-ақ Біржан Оразов есеп ашып, жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады.
Араға 7 минут салып Дуглас Жуниор қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, есепті еселей түсті. Екінші таймда қос тарап үздіксіз шабулдағанымен гол тіркелмеді. Осылайша, 2:0 есебімен жеңіске жеткен қазақстандықтар әлем чемпионатына жолдама алды.
А тобында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен көш бастады. Екінші орынға 7 ұпай иеленген Румыния құрамасы тұрақтаса, үшінші орынға Әзірбайжан жайғасты. Ал нидерландтықтар 1 ұпаймен топты түйіндеп тұр.
Аталған шешуші матчқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп қолдау білдірді. Сондай-ақ, мемлекет басшысымен бірге кәсіпқой бокстан WBO, IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және қақпашы Игорь Шацкий да қатысты.