Karabatan мен "Теңізшевройл"-ға 10,7 млрд теңге айыппұл салынды

Ulysmedia

Парниктік газдар шамадан тыс асып кету фактілері анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

бейнежазбадағы кадр

Атырау облысының прокуратурасында табиғатты пайдалану субъектілерінің экологиялық заңнама талаптарын сақтауын талдау нәтижелері туралы айтылды.

"Талдау шеңберінде парниктік газдар квотасынан асып кету, сондай-ақ эмиссияны экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыру, жердің рұқсат етілген шығарындылары мен ластану нормативтерінен асып кету фактілері анықталды.

Енгізілген прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижелері бойынша "Karabatan Utility Solutions" ЖШС және "Теңізшевройл" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады прокуратура.

Сот компаниялардан мемлекет пайдасына 10,7 млрд теңге өндіріп алуды ұйғарды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау қаласының іргесінде орналасқан «Karabatan Utilities Solution» кәсіпорны аумағында лас көлшік пайда болғаны туралы бейнежазбалар тараған еді. Кейін құзырлы органдар бұл аумақта су ағызуға рұқсат берілмегенін анықтады. Жуырда орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімі Серік Шәпкенов бүгінде кәсіпорын заң бұзушылықтар үшін 7 млрд теңге айыппұл төлегенін айтқан болатын.