Ди Каприо қазақ үкіметін киік басының өсуімен құттықтады

Сырым Қаржас

Голливуд актеры киіктер жайлы пост жазған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Осынау теңдессіз қалпына келтіру жұмыстары Қазақстанда киіктердің популяциясы сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы ғана 48 мың бас болған киіктің саны қазір 1,9 миллионнан асты.

Браконьерлікке қарсы күрес бастамаларына, құқықтық тәртіпті белсенді қамтамасыз етуге және жаңа қорғалатын аумақтарды құруға қомақты қаражат салған Қазақстан үкіметін құттықтаймыз. Олардың табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы – бірлескен күш-жігермен қол жеткізілген табиғатты қорғаудағы шынайы табыстың жарқын мысалы, - деп жазды Ди Каприо.

Айта кетерлігі, биылдан бастап Қазақстанда киіктерді ата бастаған еді.

Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде киік саны тарихи көрсеткіштен асып кеткенін мәлімдеген.

Оның дерегінше, 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болды.

«Ал 1993 жылы 1 млн 200 мың бас бар еді. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында киік саны 1 млн 900 басқа жетті. Мұның ішіне биылғы көктемгі төлін қоспадық. Жалпы, киік – өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді. Бірақ қазірдің өзінде ең төменгі 30 пайыздық болжамды алғанның өзінде бүгінде 600 мың бас киік қосылып отыр. Бүгінде киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады», - деді ол.

Ерлан Нысанбаев киіктерді түнгі уақытта ату көзделіп отырғанын айтты. Министрдің айтуынша, ақбөкендер ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелген.

Қазақстандық зооқорғаушылар айтуынша, елімізде киіктерді ату науқаны басталғалы ақбөкендер Батыс Қазақстан облысынан Ресей аумағына үдере көшіп жатыр.