Тоқаевқа қазақстандықтардың қанша пайызы сенеді

Оралхан Қожанов

Биыл 11-16 желтоқсан аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікір экспресс-мониторингі бюросы Конрад Аденауэр қорының қолдауымен, PaperLab зерттеу орталығымен бірлесе отырып, "Қазақстандағы ағымдағы жағдайды және жыл қорытындыларын бағалау" тақырыбында азаматтарға сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Factcheck.kz сайтына сілтеме жасап.

Коллаж Ulysmedia

Қой, күрсінбе...

DEMOSCOPE қорытынды сауалнамасы Қазақстандағы жыл нәтижелері туралы қоғамдық пікірді талдауға арналған екен. Бұл зерттеу өмір сапасы және әртүрлі салалардағы өзгерістерді бағалауға, азаматтарды толғандыратын мәселелерді анықтауға және билік институттарына деген сенім дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін көптеген мәселелерді қамтыды.

DEMOSCOPE сауалнамасы көп отбасыда материалдық проблемалар бар екенін дәлелдеп берді. Сауалнамаға қатысушылардың 50,6% табысы төмен екенін алға тартып отыр. Ең бірінші қажеттіліктегі тауарларға бағаның өсуін 52,2% -ы атап өткен. Тұрғындарды қатты алаңдататын басқа да маңызды аспектілерге мыналар кірді: тұрғын үйдің қолжетімсіздігі немесе қанағаттанарлықсыз жағдайы (33,4%), сондай-ақ зейнетақылардың, жәрдемақылардың, стипендиялардың төмен деңгейі (31,3%).

Экономикалық және тұрғын үй мәселелерінен басқа қазақстандықтарды төмендегідей мәселелер алаңдатады:

 - сыбайлас жемқорлық – 29,6%
- жұмыс орындарының жетіспеушілігі және жұмысқа орналасудағы қиындықтар –  27,2%
- ластанған орта – 23,2%
- қанағаттанарлықсыз / қолжетімсіз денсаулық сақтау жүйесі – 23,1%
- қанағаттанарлықсыз / қолжетімсіз білім беру жүйесі  – 18,7%
- нашар көлік инфрақұрылымы –  16,5%
- коммуналдық инфрақұрылым мәселелері – 16,2%
- қылмыс – 7,3%
- демалыс және бос уақыт үшін мүмкіндіктердің болмауы – 4,4%.

Респонденттердің сатып алу қабілетінің төмендегенін көрсететін жауаптары азаматтардың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші емес пе? Мәселен, сауалнама нәтижелері бойынша 2023 жылы қазақстандықтардың 40%-ға жуығы өмір сүру деңгейінің нашарлағанын (39,5%), респонденттердің үштен бірінде (33,4%) ол көрсеткіш бұрынғы деңгейде қалғанын, ал халықтың 19,4%-ы ғана өмір сүру сапасының жақсарғанын алға тартып отыр.

Елімізге өзгеріс қажет пе?

DEMOSCOPE зерттеуі елдегі өзгерістерге сұраныстың жоғары деңгейін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 65,7%-ы Қазақстанға ауқымды өзгерістер қажет деп санайды. Кішігірім өзгерістерді жақтаушылар айтарлықтай аз – 24%. Қазақстандықтардың тек 7%-ы "ешқандай өзгеріс қажет емес, бәрі сол күйінде қалсын" деп есептейді екен. Барлық әлеуметтік-демографиялық топтарда ауқымды өзгерістерге сұраныс басым, бірақ ол кебіне қазақ ұлтының өкілдеріне тән екен (70%).

Әлеуметтік-экономикалық және геосаяси дағдарыстар жағдайында халықтың билік институттарына деген сенім деңгейі дағдарысқа қарсы саясатты іске асырудың негізгі факторы болып табылады.

Сенім һәм серт

DEMOSCOPE сауалнамасына сәйкес, тұрғындардың мемлекеттік институттардың ішінде Қазақстан президентіне сенім білдіргенін аңғаруға болады. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 69,4%-ы Тоқаевқа сенім білдірсе, 20,1%- сенбейтін көрінеді. Күн өткен сайын әлемдегі геосаяси мәселелердің шиеленісуі мемлекет басшысына деген сенімді арттыра түскендей. 

Тұрғындардың жартысына жуығы банктерге (51,4%), полицияға (50%), әкімдерге (48,2%) және дін қайраткерлеріне (47,4%) сенім білдірді.

Үкіметке сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (48,8%) сенім білдірді, ал 39,5% сенімсіздік танытты.

Депутаттық корпустың сенім деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Парламентшілерге сауалнамаға қатысушылардың 47,7% сенбейді. Сотқа деген сенім де аз (37,2%).

Қоғамдық сенім деңгейі респонденттердің жасымен тығыз байланысты. Зейнеткерлік жасқа дейінгі қазақстандықтар аса күмәнмен қарайды. Мәселен, 50-ден 59 жасқа дейінгі топта үкімет пен парламент депутаттарына сауалнамаға қатысқандардың 51% және 62% сенбейді. Бұл ретте институттарға деген сенім 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар арасында айқын көрінеді. Бұл жас тобында президентке 79% сенеді. Екінші орында — сенім деңгейі 66% болатын дін қайраткерлері (орташа көрсеткіш 47%).

Екі салаға көңіл толмайды

DEMOSCOPE зерттеуі қоғамның әлеуметтік институттардың жұмысын қабылдауын бағалауға мүмкіндік берді. Мәселен, екі салада экономикада және экологияда жағдайдың нашарлағанын атап өткен респонденттердің үлесі басым. Бұл пікірді тиісінше азаматтардың 33,4% және 43,1% білдірді.

Кейбір жақсартулар тек білім беру саласында байқалады. Оң өзгерістерді атап өткендердің үлесі 36,4%-ға тең. Сонымен қатар, 29,8% үшін ағарту саласындағы жағдай өзгерген жоқ, ал 21,3% пікірінше нашарлады.

Бір қызығы, құқық қорғау органдарының жұмысын бағалауда қоғамдық пікір тең бөлінді. 38,2% құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік саласындағы өзгерістерді байқамады, ал 37,2%-ы оң өзгерістерді атап өтті. Сонымен бірге, 16,5%*ы жағдай нашарлай бастады деп санайды.

Сауалнама барысында респонденттерден елдегі қазіргі жағдайды бағалау сұралды. Қазақстандықтардың жартысы елдегі жағдайды қолайсыз деп есептейді.

DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижелері қазақстандықтардың 2024 жылы саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешілуін және өмір сүру деңгейінің өсуін күтіп отырғанын аңғартты. 

Әдістеме

2023 жылғы 11-16 желтоқсан аралығында 17 облыста және республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адамнан сұхбат алынды. Сауалнама Қазақстанның ұялы байланыс абоненттері арасында телефон арқылы сұхбат жүргізу арқылы жүргізілді. Іріктеменің негізі кездейсоқ сандар генераторының көмегімен алынған сандар базасы болды.

Телефон арқылы сауалнаманы "КТ CloudLab" ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан жоғары 47,4% ер адам және 52,6% әйел қатысты. 60,5%-ы қазақ тілінде, 39,5%-ы орыс тілінде жауап беруді жөн көрді. Респонденттердің 74,2% - қазақтар, 12,8% – орыстар және 12,4% – басқа ұлт өкілдері.

Респонденттердің 61,5%-ы қалада, 38,5%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Деректер респонденттердің жынысы мен жасы сияқты параметрлер бойынша өлшенеді. 95% ықтималдығы бар қателесудің максималды мөлшері 3%-дан аспайды. Респонденттердің қолжетімділік деңгейі (response rate) 23% құрады.