Бала туып жатқан балалар: мектептерде гинекологтар пайда болуы мүмкін

Динара Жарқынбек
Фото: pexels

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы жүктілік көбейген сайын, білім беру жүйесі мен жергілікті биліктің жауапкершілігі туралы сұрақтар өткір қойыла бастады. Соңғы бір аптада елді дүр сілкіндірген екі жағдай тіркелді: Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы сабақ үстінде босанды, ал Түркістан облысында 15 жастағы қыз 71 жастағы ер адамнан жүкті болып, сәбиін дүниеге әкелді. Екі дерек бойынша бүгінде тергеу жүріп жатыр. Аталған сұмдық жайттарға байланысты оқу-ағарту министрлігі мектептерде гинеколог мамандарын енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлар білім беру ұйымдарындағы жүйелі кемшіліктерді айқын көрсетті. Министр мектептерге акушер-гинеколог мамандарды енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.


- Қазір денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мектептерге гинеколог мамандарды қайтару жолдарын талқылап жатырмыз. Бұл ертеңгі күні осындай жағдайлардың алдын алу үшін қажет қадам, - деді ол.

Министр балалардың тағдырына қоғамның бейжай қарамауы керектігін атап өтті.

- Мұндай жағдайға тап болған балалар ауыр психологиялық күйзеліс көреді. Ең бастысы - оларға моральдық және психологиялық көмек көрсету, білім алуын жалғастыруға мүмкіндік беру, - деді Сүлейменова.

Білім саласындағы бұл жағдай жергілікті биліктің де жауапкершілігін күшейтуді талап етіп отыр.

Сондай ақ, министрі Алматы облысындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған жетім қыз туралы пікір білдірді. Ол мұндай қылмыстарға қатысты жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту керек деп санайды. 

- Тергеу амалдары жүріп жатыр. Психологиялық көмек көрсетілуде. Дегенмен, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін жергілікті атқарушы органдар мен мектеп әкімшіліктерінің жауапкершілігін күшейту қажет, - деп мәлімдеді.

КОНТЕКСТ

Ақтөбеде 9-сынып оқушысы сабақ үстінде толғағы келіп, босанса, Түркістан облысында 15 жастағы қыз 71 жастағы ер адамнан бала тапты. Екі жағдайда да мектеп мұғалімдері хабарсыз болған. Өткен аптада оқушылар жүктілігне байланысты ДСМ вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев те мектептерде гинекологтарды енгізу мәселесі талқыланып жатқанын хабарлаған.