Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі қаражаттарды "қолма-қол ақша түрінде шығарып берумен" және жалған шот-фактураларды жазумен айналысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Белгілі болғандай, топ мүшелері мекемелерге екінші деңгейлі банк шоттарынан жүйелі түрде қаражаттарды заңсыз "қолма-қол ақша түрінде шығарып берген". Бақылауындағы 17 коммерциялық компания арқылы 5 млрд теңгеден астам сомаға коммерциялық ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстары, көлік қызметтері және халық тұтынатын тауарларды жөнелту бойынша қызмет көрсетуге жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектескен.
Қылмыстық топ ұйымдастырушылары "бір күндік фирмаларды" жақын туыстары мен таныстарының аттарына тіркеген. Сот үкімімен бес айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
ҚМА "көлеңкелі" экономиканың үлесін азайту және адал кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмысты тұрақты түрде жалғастырмақ.