Шахматшы шаршап қалды ма - Асаубаева әлем чемпионы атағын қорғай алмады

Оралхан Қожанов

Өзбекстанның Самарқанд қаласында шахматтың блиц түрі бойынша 2023 жылғы әлем чемпионаты аяқталды. Отандасымыз Бибісара Асаубаева былтыр Алматыда жеңіп алған чемпиондық атағын қорғай алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Әлемнің екі дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева блиц бойынша әлем чемпионатының ең жоғары медалін үшінші рет таға алмады. 19 жастағы қазақстандық ойыншы 17 ойыннан кейін 11 ұпай жинап, турнирді 6-орынмен аяқтады, - деп хабарлады FIDE баспасөз қызметі.

Тағы бір отандасымыз Меруерт Камалиденова 11 ұпаймен 8-орынға табан тіреп, әлемнің үздік 10 шахматшы қыздарының қатарына енді.

Ал блицтен ресейлік Валентина Гунина әйелдер арасындағы жаңа әлем чемпионы (14 ұпай) атанды. Александра Костенюк (Швейцария, 13,5) күміс, қытайлық Жу Цзиньер (12,5) қолаға қол жеткізді.

Ерлер арасында 16 ұпай жинаған әлемнің ең үздік шахматшысы, норвегиялық Магнус Карлсенге тең келер ешкім болмады. Екінші және үшінші оырндарды ресейліктер Даниил Дубов (15,5) пен Владислав Артемьев (15,0) иеленді.

Норвегиялық гроссмейстер үшін бұл – Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы екінші алтын медаль. Бұған дейін ол 28 желтоқсанда ол рапид бойынша үздік атанған болатын.