Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің алдында тұрған ескерткіші алынып тасталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Қош бол”, ескерткіш
Ескерткіш 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығында университет алдына арнайы қойылған еді.
Қорғаныс министрінің бұйрығымен "ҚР тұңғыш президенті - елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің" атауы "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" болып өзгерді. Сондықтан Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР тұңғыш президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазір ескерткіш қорғаныс ведомствосының бір ғимаратында уақытша сақталып тұр. Дайындық шараларын өткізгеннен кейін орнату үшін ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі, - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.
Университеттің атауы өзгереді
Бұған дейін экс-президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы өзгеретіні хабарланған болатын. Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістер жобасы "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылған еді.
«Қазақстан Республикасының кейбір актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 16-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» республикалық мемлекеттік мекеменің атауынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы» сөздерін алып тастау мақсатында өзгеріс енгізіледі, - делінген мәліметте.
Құжатқа сәйкес, университет енді "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті" деп аталмақ. Құжат 27 желтоқсанға дейін талқыланды. Енді ресми құаттарды реттеу ғана қалды.