Ресейдің сұрауымен Астанада ұсталған украиналық Қазақстаннан кетті

Ulysmedia коллажы

1 қазанда Астанада Ресейдің сұрауымен ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская Қазақстаннан кетіп, қазір Еуропалық одақ елдерінің бірінде жүр. Бұл туралы Ulysmedia.kz DW басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Мән-жай

Бұл жөнінде неміс басылымына оның адвокаты Алексей Прянишников мәлімдеген.

Ресей тарапы Рожанскаяны баланы ұрлады деген айып тағып отыр. Алайда ұсталғаннан кейін Қазақстан соты заңда белгіленген мерзімде оған бұлтартпау шарасын таңдамаған. Соның нәтижесінде Рожанская тергеу изоляторынан босатылып, кейін елден кеткен.

Адвокаттың айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) желісі арқылы жіберілген Рожанскаяны экстрадициялау туралы Ресейдің сұрауы ресми түрде кері қайтарылмаған.

Оны босатуға Украина билігі, Сыртқы істер министрлігі және омбудсмен Дмитрий Лубинец күш салған. Бұған дейін қорғаушы тарап Қазақстанның бұл іс бойынша Киевпен сындарлы диалог жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Украина тарапы әйелді Ресейге бермеуге үндеп, бұл оның қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін ескерткен.

Оны не үшін ұстады?

Рожанская Астанаға немересін алып, Украинаға қайтару үшін келген. Бұл оқиға 2021 жылы басталған. Сол жылы баланың анасы Алла Сончик (кейін Андреева тегін алған) ұлын ертіп, Ресей азаматы болған жаңа күйеуінің отбасымен бірге Калининград облысына көшіп кеткен. Кейін анасы мен баласы Ресей азаматтығын алған.

Украина соты баланың тұрғылықты жері ретінде оның әкесі тұратын Одессаны белгілеген. Украина БАҚ-тарының мәліметінше, баланың әкесі Украинаның қорғаныс күштерінде қызмет етеді.

Баланың Украинадағы туыстары оны қайтару үшін бірнеше жыл бойы әрекет жасаған. 2023 жылы Калининград облысына Рожанскаяның өкілдері ретінде әрекет еткен екі украиналық барған. Олар баланы алып кетуге тырысқанымен, ұсталған.

2025 жылғы қазанда Ресей соты оларды шекараны заңсыз кесіп өту, тыңшылық және адам ұрлауға оқталу айыптары бойынша қатаң режимдегі колонияға 15 және 16 жылға соттаған.

Адвокаттардың айтуынша, Рожанская Қазақстанда ұсталғанға дейін Ресейде өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын білмеген. Қорғаушылардың мәліметінше, баланы ұрлау туралы іс 2025 жылы қозғалған. Сол жылы Ресейде заңсыз көші-қонды ұйымдастыру дерегі бойынша да тағы бір іс ашылған.

Адвокаттың сөзінше, бұл істердің бар екені Қазақстаннан экстрадициялауға қатысты құжаттар алынғаннан кейін ғана белгілі болған.

Ол неге Астанаға келді?

Қорғаушылардың нұсқасы бойынша, сапар алдында Рожанскаямен баланың анасының жаңа күйеуі және оның әкесі байланысқа шыққан. Олар мәселені келіссөз арқылы шешіп, баланы биологиялық әкесіне беруді ұсынған көрінеді.

Тамыз айының соңында тараптар кездесуді белсенді түрде талқылай бастаған. Адвокаттың айтуынша, осы уақытта Калининград облысындағы Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі Рожанскаяны іздеуге жариялау үшін құжаттар дайындап, Ресей соты оны қамауға санкция берген.

Қорғаушылар бұл сапар арандатушылық әрекеттің бір бөлігі болуы мүмкін деп есептейді.

Алексей Прянишников істің саяси астары бар деп есептеп, оны Ресейдің Украинаға қарсы соғысымен байланыстырады.

Бұған дейін Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Рожанская заң аясында әрекет еткенін және оған баланың әкесі, яғни өзінің ұлы ресми түрде өкілеттік бергенін мәлімдеген.

Украина омбудсмені Дмитрий Лубинец те Қазақстанды әйелді Ресейге бермеуге үндеді. Оның айтуынша, Рожанскаяны Ресейдің күштік құрылымдарына тапсыру оның қауіпсіздігі мен құқықтарына қатер төндіруі мүмкін.