Екі Кореяның текетіресі: сонда жүрген қазақтарға алаңдауға негіз бар ма

Аян Өрібай

Бұл сұрақты Ulysmedia.kz порталының тілшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа қойды.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Оңтүстік Кореядағы жағдай қазір тұрақты. Қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ. Кореяның аумағында заңсыз жүрген азаматтарға бір ғана өтініш: заңды сақтап, заңды түрде жүрген дұрыс, - дейді Смадияров.

Бұған дейін Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның еңбек министрлігінің өкілдері өкілдері онлайн-форматта келіссөздер жүргізген еді. Онлайн-келіссөздер барысында Қазақстанды Оңтүстік Кореяның Employment permit System (EPS) жүйесіне қосу мәселесі талқыланған. Бұл жүйе қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайлары мен құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жүйеде 16 мемлекет бар. Қазақстан 17-ші болып енуі мүмкін.

Осы ретте Айбек Смадияровтан қазақстандықтар нақты қашан және қанша адам ол жақта жұмыс істей алатыны жөнінде сұралған. Смадияров келіссөздер бастапқы кезеңде ғана екенін айтады.

– Біздің қоғам сол жақта заңсыз жүрген азаматтарға ғана көңіл бөледі. Шыны керек, Корея аумағында Қазақстанның 20 мыңнан астам азаматы заңды түрде жүр. Көбінің ұлты корей. Солардың бәрі заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Егер Қазақстанның қандай да бір азаматы Кореяға барып, заңды түрде жұмыс істеймін десе, еш кедергі жоқ. Екі ел арасындағы визасыз режимді қолданып, екі мемлекетті де алдап, заңсыз қалып отыр. Содан ғана проблема туындайды. Бізде бірнеше дәрігер, жоғары білімді мамандар, ІТ-мамандарымыз Корея аумағында жұмыс істеп жатыр, - дейді ол.