Былтыр елімізде қатерлі ісіктің 39 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша есепте 127 мыңнан астам қазақстандық тұр. 2023 жылы 39 мыңнан астам жаңа жағдай анықталды. Жыл сайын 600-ден астам қатерлі ісікке шалдығады. Менің білуімше, 12 мыңға жуық бала есепте тұр", - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзінше, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің төмендеуі байқалады. Егер 2022 жылы 13 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болса, 2023 жылы 11 мың адам көз жұмды. Бұдан бөлек ісікті бірінші сатыда анықтау артқан.
"Сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында – колоректальды обыр, үшінші орында өкпе обыры тұр. Одан кейінгі орында асқазан және жатыр мойны обыры орналасты. Өлім-жітім бойынша бірінші орында өкпе обыры тұр. Екінші орында – асқазан обыры, одан әрі колоректальды обыр, сүт безі обыры тұр", - деп толықтырды Диляра Қайдарова.
Естеріңізге салсақ, Гонконг университетінің ақ халаттылары әлемде бірінші болып бауыр обырының соңғы сатысындағы науқасты аман алып қалған болатын.