Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында 38 қарсыласпен сынға түскен Илья Мизерных чемпион атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ҚР ҰОК-ға сілтеме жасап.
Қазақстандық шаңғышы Илья Мизерных 214 ұпаймен алтын медаль иеленді.
«Қысқы жасөспірімдер олимпиадасындағы алғашқы алтын медаль құтты болсын, Қазақ елі! Бұл – жасөпірімдердің қысқы олимпиадасы тарихында біздің спортшылар жеңіп алған тұңғыш алтын. Жарыстың алғашқы күнінде шаңғымен тұғырдан секіруде бәсекеге түскен Илья Мизерных барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Бастама өте жақсы. Осы алтын медаль барша спортшыларға жұғысты болсын! Құтты болсын»,- деді Ермек Маржықпаев.
Бұған дейін жерлестеріміз 3 Олимпиадада 1 күміс, 4 қола жүлде алған еді.
Айта кетелік, қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында өтеді. Канвон ареналарында Қазақстан намысын спорттың бес түрі бойынша (9 дисциплина) 41 спортшы қорғайды. Алғаш болып жарыс жолына биатлоншылар шығады (жекелей сын), сондай-ақ, шорт-трекшілер 1500 мерде бақ сынаса, тұғырдан секіруден Қазақстан командасы да өз өнерін көрсетеді. Хоккейшілер алғашқы іріктеу турнирін Польша құрамасын қарсы өткізеді.