«10 жылда бір рет қана көтерілген»: Қазақстанда донорлар қан өткізгені үшін қанша алады

Ulysmedia

Сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында Қазақстанда қан донорларын қолдаудың кемдігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Парламентшінің айтуынша, елімізде жыл сайын 250 мыңға жуық адам донор болады, оның 47%-ы тұрақты донор болып табылады. Донор болған жан қан бергеннен кейін дененің энергия шығынының деңгейін толтыруы керек. Ол үшін донорларға арнайы төлем – 0,25 АЕК төленеді. Алайда депутат Әлназарованың айтуынша, бұл сома адамның микроэлементтер мен калорияға деген қажеттілігін қалпына келтіру және анемияның алдын алуға тым жеткіліксіз.

– Ерікті донорлардың денсаулығы тиісті түрдегі қолдауды қажет етеді. Ұсыныстарға сәйкес, донор қан тапсырған күні анемияның алдын алу үшін тиісті рационда тамақтанып, жоғалтған килокалория мен микроэлементтердің орнын толтыруы керек.  Қазіргі уақытта қан доноры қан берген кездегі күш-қуаты шығынының өтемақысы ретінде 0,25 АЕК алады. Бұл мәселе 10 жыл бойы бірнеше рет көтерілді, бірақ ешқандай назар аударылмай келеді, - деді Ақмарал Әлназарова.

Осыған байланысты сенаторлар үкіметтен донорларға өтемақыны 0,25-тен 1,25 АЕК-ке дейін тиісті түрде ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.