"Тоң май": СҚО-да әскерилердің суып қалған тамағы әлеуметтік желіде талқыға түсті

Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желілерде Солтүстік Қазақстан облысында әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиынынан түсірілген видео тарады. Кадрларда ер адамдар суып қалған тамақты көрсеткен. Видео көпшілікке тарағаннан кейін оның авторларының бірі роликті әзіл ретінде түсіргенін, ал жиынға қатысушылардың тамақтануға қатысты ешқандай шағымы болмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Видеода әскери міндеттілер ботқа мен басқа да тағамдардың суып қалғанын көрсеткен. Кадр сыртындағы ер адамдар тамақтың «тоң май сияқты қатып қалғанын, тіпті төгілмейтінін» әзілдеп айтады.

Кейін видео авторы Біржан Қойшыбаев түсініктеме жазып, сол күні олардың бөлімшесі оқу-жаттығудан 30 минут кеш оралғанын, соның салдарынан түскі ас суып қалғанын айтты.

– 14-23 қыркүйек аралығында оқу-жаттығу жиынында болдық. Сол күні оқу-жаттығудан кейін түскі асқа кешігіп бардық. Тамақ біраз уақыт тұрып қалған. Кейін жылытып, бізге жақсы күйде берілді. Оқу-жаттығу жиындары өте сапалы өтті, тамақтарына қатысты ешқандай шағымымыз жоқ. Барлығы ұнады. Осы видеоны жолдастарымызбен әзіл ретінде түсірдік, – деді Қойшыбаев.

Қорғаныс министрлігі не деді?

Қорғаныс министрлігі видеоны шынымен де Солтүстік Қазақстан облысындағы әскери жиын кезінде түсірілгенін растады.

Әскери міндеттілердің тамақтануын министрліктің өзі емес, қоғамдық тамақтандыру қызметін көрсететін компанияны тартқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырған.

– 22 қыркүйекте оқу-жаттығудың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін жеке құрам тамақтануға келді. Жеке құрамның басым бөлігі белгіленген уақытта тамақтанды. Алайда бірінші взводтың әскери міндеттілері тамақтануға кешірек келген. Соның салдарынан ұсынылған тағамдардың температурасы төмендеді, – деп түсіндірді ведомство.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жиынға қатысушылардан тамақтануға қатысты ресми шағымдар немесе өтініштер түспеген.