Анасын іздеген Жәнібек қазақ тілін үйрене бастады

Оралхан Қожанов

Қазақстанға келіп туған анасын іздеп жүрген Жәнібек (Jani Eddy J Saveliev) қазақ тілін үйренуге мықтап кіріскен сияқты. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп жазады Ulysmedia.kz.

instagram/muratsaveliev

Жәнібек қазақ тілінде жазып қана қоймай, жазбасын қазақша дыбыстаған. 

«Менің арманым туралы - терең мұхитке сүңгу. Соңғы бірнеше күнде  диплом алдым. Мен сізді өзіммен бірге арманыма апарғым келеді, қазақша сөйлеп (сөйлеуге тырысып).

Қазақстан және қазақ халқы менің өмірімді өзгертті. Менің әлемге көзқарасым және сезімдерім оң дамыды. Сізге тағы да рахмет», деп жазба қалдырды Жәнібек.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланған еді. Белгілі болғандай, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен.

Бұған дейін «Жәнібектің (Jani Eddy J Saveliev) анасы болуы мүмкін» деген келіншек ДНҚ сараптамасын тапсырған еді. Өзін Мұрат деп атағанды ұнататын бельгиялық баланың үміті ақталмады. ДНҚ сараптамасы теріс нәтиже көрсетті.