1 наурыздан уақыт теңестіріледі: Air Astana рейстер кестесі түзетті

Ulysmedia

Air Astana әуе компаниясы Қазақстанда 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне өтетіндіктен, рейстер кестесін түзетті, деп жазады Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Өзгерістер 1-31 наурыз аралығында Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен және Қостанай бағыттары бойынша жоспарланған сапарларға әсер етеді.

– Рейстері өзгеріске ұшыраған жолаушылар сапардың жаңа уақыты туралы ақпараты бар брондау кезінде көрсетілген электронды поштаға SMS-хабарламалар мен хаттар алады, – деп хабарлайды әуе компаниясы.

Бұл ретте сәуірден қазанға дейінгі кезеңге арналған рейстер кестесі 1 наурызда автоматты түрде өзгертіледі. Жолаушыларға бұл туралы да хабар беріледі.

Зерттеу

Былтырдан бастап медицина, физиология, география, метрология және басқа да түрлі салаларды қамтитын жұмыс тобының мүшелері Қазақстанда қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеп келеді. Жұмыс тобына қатысушылар UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқасы екенін және Қазақстанның көптеген аймақтары табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатын болады деген ортақ пікірге келген. Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені саралап, әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылса, 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде екені белгілі болып отыр.

Ал таяуда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 1 наурыздан бастап бүкіл Қазақстанда уақыттың теңесуі қазақстандықтардың денсаулығына оң әсер етеді деп есептейтінін айтқан.