«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Ұлыбритания елшілігімен бірлесіп, «Solutions Journalism Lab» жобасының «Шешімдер уақыты» басқосуын өткізді. Қор елшілікпен бірлесіп, Қазақстандағы ондаған журналисті шешім журналистикасы жанры бойынша оқытып, зерттеу жүргізуге мүмкіндік берген. Игі бастама Қазақстандағы журналистер ортасында үлкен қызығушылық туғызып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шешім журналистикасы
Журналистиканың бұл жанры проблемалар мен қиындықтар туралы сипаттап қана қоймай, олардың нақты әрі пайдалы шешімін беретін әлемдік БАҚ-тың жаңа тренді. Жоба аясында Solutions Journalism Lab жобасының командасы конкурс негізінде 50-ге тарта журналист пен блогерді таңдап, оларға шешім журналистикасы жанрындағы ең мықты кәсіпқойлар арасында қарқынды тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізді. Жоба қатысушыларының көрсеткен нәтижелері бірден қоғамдық талқыға түсіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Шешім журналистикасы аты айтып тұрғандай қоғамда белең алған кемшіліктерді анықтап қана қоймай, олармен күресудің ең тиімді жолдарын іздеп, табуға көмектеседі. Қоғамдағы коммуникацияның бағытын өзгертеді. Адамдар өзара айыптаудан конструктивті диалогқа көшеді және бірлесіп әрекет етудің арқасында бәріне тиімді шешімді тауып, оны жүзеге асырады.
Шешім журналистикасының негізгі элементтеріне мәселені зерттеу, оны шешу, кейбір жағдайларда оң тәжірибесін көрсету, тиімділік дәлелдерін ұсыну, табылған шешімдерді қолдануға кедергі болатын шектеулерді талқылау жатады.
Назар аударар мысал өте көп
Іс-шара барысында Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич сөз алып, жобаның маңыздылығы мен бірегейлігі жөнінде ойын ортаға салды.
– Журналистиканың көп бағыты барын білеміз, бірақ дәл осы бағыттың бізге ұнағаны – тек өткен немесе қазіргі жобалармен үндесуінде немесе әлдебір фактчекинг, аналитикалық, сыни тұрғыда ойлап, құралатын жолы ғана емес, оның барынша кешенді, жан-жақты қамтылған зерттеуі арқылы проблеманы айқын көрсетуге ұмтылуы. Дәл осы факторға біз назар аудардық, – деді Кэти Лич.
«Әділ сөз» қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова журналистердің өз тақырыбын таңдап алып, терең зерттеу жүргізгеніне ерекше назар аударады. Кейбіріне қатысты нақты шешімдер елде қабылданғанын атап өтеді.
– Біз әлбетте, елуден асқан материал бойынша шығарылған шешімдер пайдаға жарар деген үміттеміз. Десе де, біз реалист болуымыз керек. Кейбір мәселелер бірден шешіліп, бірден өзгеріп кетпейді. Кейбір істер бірден өзгеріп кетпейтінін, процестер мен объективті себептер барын түсінген абзал. Бірақ өте қызықты әрі назар аударарлық мысал бізде өте көп, – дейді ол.
Шешім журналистикасы шеңберінде Қазақстанның 12 облысындағы елуден аса журналист ауқымды зерттеу жүргізген. Олардың кейбірі іс-шара барысында таныстырылды. Резиденттер менторларымен бірге ортаға шығып, зерттеу барысы жайлы айтып берді. Тәуелсіз сарапшылар, экономистер мен депутаттар келіп, журналистер көтерген проблемаларға өз бағасын берді.
Шешім журналистикасы шеңберінде жарияланған материалдар 1,5 млн қаралым жинап, 120 мың кері байланыс болған. Тіпті қабылданған нақты екі шешім де бар. Тағы үш шешім қарастырылып жатыр.
Резиденттердің зерттеуін мына сілтемеден көруге болады.
Ulysmedia порталы аталған жанр бойынша сүт шаруашылығы мәселесіне байланысты мақала жариялаған.