Журналист Ерқанат Көпжасарұлы әлеуметтік желіде қоғам талқылап жүрген тақырыпқа қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ҰЯТҚА ҚАЛАСЫҢ...”
Ол ғарышқа 13 минутқа ұшқан Дана Қарағұсованы «қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер әйел» деп жариялауды орынсыз деп есептейді.
«Ғылым академиясына он минутқа кіріп шығып, өзіңді ғалыммын десең – әлбетте, ұятқа қаласың. Ғарышқа 13 минутқа сапар шеккен Дана Қарағұсованы қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер әйел деп әспеттеу де сол секілді. Дана Қарағұсова – Қазақстанның алғашқы астротурисі дегеніміз жөн», — деп жазды журналист Facebook парақшасында.
Көпжасарұлының жазбасы желіде қызу талқыланып, кей қолданушылар оның пікірін қолдаса, енді біреулер мұндай сапардың өзі үлкен жетістік екенін айтып, журналисті сынға алған.
“Қазақ даласынан Денис Тито алғашқы рет астро турист болған. Қазақтан Дана шықса соны неге қия алмай жатсыңдар”- дейді Айбек Қуандық есімді желі қолданушысы.
Тіпті мұны журналистің іштарлығы деп бағаланғандар да бар.
“Өзіңіз бірінші ұшып алсаңызшы ғарышқа. Немене қазақ қызы ғарышкер болса айып па? Ішіңіз қалай тар еді?! Астапыралла! Дана -Ғарышкер! Ал қайтесіз?”- дейді Орис Яшкурова есімді қолданушы.
Біреулер ғарышқа ұшып барып келген адам ғарышкер болады деп есептейді.
“Ғарыш сөзіне жалғанып тұрған кер жұрнағы "ғарышқа ұшып барып келген адам" дегенді білдірмей ме?!” – дейді Қуат Адис.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстандық Данна Қарағұсова NS-36 миссиясы аясында ғарышқа ұшып келген.Ұшу барысында қатысушылар бірнеше минут бойы салмақсыздықты сезініп, ғарыш кеңістігінен Жерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Ашық деректерге сүйенсек, Данна Қарағұсова 1984 жылы туған. Ол FMG маркетингтік холдингінің негізін қалаушы. Анасы – Гүлжана Қарағұсова, бұрынғы сенатор, мәжіліс депутаты және ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған.
Сондай-ақ, Данна Қарағұсова блогер Бейбіт Әлібековтің бұрынғы жары. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.