Қара бетперде киген жігіт 4 баласымен жертөледе тұрып жатқан жалғызбасты анаға шаттық сыйлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жалғызбасты ананың есімі – Эльмира. Ол 17 жыл бойы көлік жуатын жерде жұмыс істеп, отбасын асырап келеді.
«Көзім ауырады. Көлік жуатын жердің астындағы жертөлені жалдап тұрамыз. Іші өте суық, есігі дұрыс жабылмайды. Көлік жуатын жердің клиенттері дәретхана деп ойлап кіріп келеді. Көлікті көргім келмей қалды. Басқа жұмысқа ауысайын десем, көзім жарамайды», – дейді әйел.
Жалғызбасты ана балалары жақсы білім алғанын армандайтынын айтады. Әлеуметтік желіде қайырымдылық ісімен танымал бетперделі жігіт бұл отбасына баспана сыйлады.
«Бұйыртса, көзіңізге ем аласыз және сіздер үйлі болдыңыздар. Құтты болсын!», – деді ол.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін қара бетперде таққан жұмбақ жігіт кезекті қайырымдылығын жария еткенін жазған едік.