Ресей билігі Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Врублевскийге іздеу жариялады

Сырым Қаржас

Ресей билігі Петр Врублевскийді федералды және халықаралық іздеуге жариялаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

Ресейде Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге іздеу жарияланды. Ресми ақпаратқа сәйкес, сот Ресей қылмыстық кодексінің бабы негізінде сырттай қамауға алу жөнінде шешім шығарған.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары экс-елші бүкіл әлем бойынша мүмкіндігінше көп орыстарды өлтіруге шақырғаннан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша іздестіріліп жатқанын хабарлады, деп жазады ТАСС агенттігі.

– Украин дипломатын федералды, содан кейін халықаралық іздеуге жариялау туралы қаулы шығарылды. Сонымен қатар, Мәскеудегі сот тергеудің Украина азаматы Врублевскийді Ресей Федерациясының аумағына экстрадицияланған сәттен бастап немесе айыпталушы Ресей Федерациясының аумағында ұсталған сәттен бастап екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеу жөнінде өтінішін қанағаттандырды, - деп хабарлады агенттік.

Петр Врублевский

2022 жылдың қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді Қазақстандағы елші қызметінен босатқан еді. Бұл ресейшіл БАҚ дипломат блогер Диас Құзайыровқа берген сұхбатының үзіндісін таратқаннан кейін болды. Онда Врублевский "біз қазір орыстарды қаншалықты көп өлтірсек, балаларымыз соншалықты біздің балаларға азырақ өлтіреді"деген тұжырымға келген. Кейіннен Қазақстан СІМ наразылық білдіріп, елші кешірім сұрады.

2022 жылы наурызда Врублевский Ulysmedia.kz порталына эксклюзивті сұхбат беріп, онда Ресейдің Украинаға басып кіруі, Еуропаға қашқан босқындардың жағдайы туралы айтып, қазақстандықтардан жиналған гуманитарлық көмек жайлы пайымын білдірген.

Украинаның Қазақстандағы елшісі

2022 жылдың қазан айынан бастап Украинаның Қазақстандағы Елшісі лауазымы бос тұр.

Қазақстандағы Украина істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл – Сергей Павленко.

2023 жылдың наурыз айында Луганск облыстық әскери әкімшілігінің бұрынғы басшысы Сергей Гайдай Украинаның Қазақстандағы елшісі ретінде бара алатынын мәлімдеген.

Украинадағы соғыс

2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Украина аумағында Владимир Путиннің жарлығымен Ресей бастаған соғыс жүріп жатыр.

Күн сайын Украинаның қалаларына оқ атылып, бейбіт адамдар қаза табады.