86 жасқа қараған шағында белгілі ғалым, академик Ғани Қалиев қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1938 жылы Жамбыл облысында туған. 1962 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін, 1967 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Мамандығы – экономист.
Еңбек жолын 1962 жылы Жамбыл облысының «Майтөбе» кеңшарында аға экономист қызметінен бастаған. Әр жылдары халық шаруашылығы институында оқытушы, Қазақ экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, бөлім меңгерушісі, одан кейін Қазақ қой шаруашылығы ҒЗИ директоры қызметтерін атқарған.
1988 жылдан – Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ҒЗИ директоры, 1991-1996 жылдар аралығында Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті болды.
Экономика ғылымдарының кандидаты, доктор Ғ.Ә.Қалиев ВАСХНИЛ-дің толық мүшесі, ҚР Ұлттық ғылымдары академиясының академигі, 300-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, нарықтық реформаның негізін қалаушы көптеген алғашқы буын заң жобаларының бастамашысы және авторы. Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Парасат» орденімен, «Астана» медалімен, «Тыңға 50 жыл» медалімен марапатталған.