Бишімбаевтың ісі: Сот залына кіре алмаған журналистер полиция шақырды

Аян Өрібай

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдауға қатыса алмаған журналистер сот ғимаратына полиция шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

БАҚ өкілдері сот әкімшілігі қылмыстық кодекстің 158 бабын бұзып, журналистердің жұмысына кедергі келтірді деп есептейді. Кешегідей бүгін де бірде-бір журналист сот залына кіре алмады. Сот залының есігінің алдында тұрып алғанымен, айыпталушыны сот залына басқа есікпен кіргізгені анықталды.

Сот әкімшілігі журналистерге залдың тарлығын, кісі сыймайтынын айтып, аргумент келтіреді. Сонымен бірге, сот басталар алдында 3-4 минут ішінде сот залынан фотолар мен видеоларды түсіріп алуға да рұқсат берілмей отыр.

Еске сала кетейік, журналистер кеше де сот залына кіре алмаған.

Алдын ала тыңдау

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.